Жаңалықтар

Алматы облысында Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімі неге еленбей отыр

фото: ЖИ арқылы жасалды

Сұрапыл соғыста қан кешіп, Жеңісті жақындатқан боздақтардың есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Алайда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданы, Көктөбе ауылдық округінде бұл игі іс кенжелеп тұрғандай. Нақтырақ айтсақ, былтырдан бері Жеңістің 80 жылдығы аясында ардагер Жақып Ертайұлының атына көше беру мәселесі әкімдік тарапынан түрлі «заңнамалық кедергілерге» тап болып отыр.

Президенттің тапсырмасы орындалмай отыр ма?

Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев: «Есімдері көлеңкеде қалып келген соғыс батырларының есімін елдімекендердегі көшелерге беру керек», – деп ономастика комиссиясына нақты тапсырма берген болатын. Бұл – тарихи әділдікті орнатудың жолы. Алайда Көктөбе ауылдық округі әкімдігі ұсынған түсіндірме жазбаға қарасақ, батыр бабамыздың есімін ұлықтаудан гөрі, «техникалық кедергілерді» алға тарту басым сияқты.

Жақып Ертайұлы кім?

Жақып Ертайұлы – Ұлы Отан соғысы кезінде ең қиын шепте болып, соның ішінде Кенигсбергті алу операциясына қатысқан майдангер. Ол ІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған қаһарман. Соғыстан кейін де ел экономикасын көтеруге атсалысып, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанған еңбек ардагері.

Ардагердің ұрпақтары әкесінің есімін өзі тұрған, еңбек еткен Көктөбе ауылындағы қайталанып тұрған Кәрібаев көшесіне берсе екен деп өтініш білдіріп жатыр.

Әкімдіктің уәжі: «Бөлуге болмайды, өзгерту қиын»

Ауыл әкімдігі Kursiv.Media тілшісіне берген жауабында көшені екіге бөлуге немесе ішінара өзгертуге заңнамалық тұрғыда мүмкіндік жоқ екені айтылған. Сондай-ақ ұрпақтары сұрап отырған қазіргі Кәрібаев көшесінің атауы 2006 жылы берілгенін, және оның да ұрпақтары осы ауылда тұратынын алға тартады.

Көктөбе ауылдық округі әкімдігі ұсынған түсіндірме жазбада көше атауларын өзгерту бойынша соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылғаны көрсетілген. Мәселен, 2018-2025 жылдар аралығында округ бойынша 13 көшеге жаңа атаулар берілген. Бірақ Б. Кәрібаев көшесіне қатысты әкімдік мынадай заңнамалық негіздерді көлденең тартады:

  1. Тарихи негіз: Бұрынғы М. Горький көшесіне Б. Кәрібаевтың есімі 2006 жылы (Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының № 7-1/1293 шешімімен) берілген. Қазіргі таңда бұл көшеде 51 аула тіркелген.
  2. Заңнамалық шектеулер: «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 10-бабына сәйкес, көшенің жекелеген бөліктері дербес ономастикалық нысан болып табылмайды. Яғни, көшенің бір бөлігіне ғана жаңа ат беру немесе оны екіге бөліп тастау мүмкін емес.
  3. Техникалық кедергі: Әкімдік мамандарының пікірінше, көшені бөлу мекенжай тіркелімі жүйесінде (АЖ «Адресный регистр») күрделі қайшылықтар тудырады.

Ономастикалық тәртіп: келісім мен қорытынды қажет

Әкімдік жауабында көше атауын өзгерту үшін тек ұрпақтарының тілегі жеткіліксіз екені айтылған. Қолданыстағы ереже бойынша екі негізгі шарт орындалуға тиіс:

  • Жергілікті қоғамдастықтың (ауыл тұрғындарының) келісімі мен жиналыс хаттамасы;
  • Облыстық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы.

Демек, заң жүзінде көше атауын өзгерту үшін алдымен халықтың талқылауынан өтіп, содан кейін облыстық деңгейдегі комиссияның сүзгісінен өту керек. Ал әкімдік тарапы бұл мәселеде «көше атауын толық ұзындығы бойынша ғана өзгертуге болады» деген ұстанымда қалып отыр.