Ауыр халдегі екі қазақстандық Түркиядан бір рейспен жеткізілді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Ауыр халдегі екі қазақстандық Түркиядан бір рейспен жеткізілді / Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ауыр халде жатқан Қазақстанның екі азаматы санитариялық авиацияның бір рейсімен Түркиядан елге жеткізілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Тасымалдауды Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиация мамандары жүзеге асырды. Пациенттердің арасында Аланиядан эвакуацияланған тыныс алу жеткіліксіздігі және өкпенің жедел ісінуі бар 1966 жылы туған ер адам, сондай-ақ, Ыстанбұлдан жеткізілген мидың қатерлі ісігі диагнозы қойылған 2019 жылы туған бала бар.

Ведомство атап өткендей, тасымалдау ҰШМҮО медициналық авиациясының мобильді бригадасының жұмысы арқасында сәтті өтті. Бригада құрамында дәрігерлер Дәурен Баймышев пен Райхан Исмағұлова, сондай-ақ фельдшерлер Асылбек Тоқтыбаев пен Ерұлан Құндақбаев болды. Операцияға әуе кемесінің экипажы да қатысты.

Министрлік 2025 жылы азаматтардың өтініштері бойынша санитариялық авиация тоғыз рет ұшқанын, оның барысында Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Вьетнам, Қырғыз Республикасы және Мысыр сияқты әртүрлі елдерден тоғыз пациент тасымалданғанын қосып өтті.

Сондай-ақ оқыңыз