
БЖЗҚ зейнетақы активтері 25,9 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Сенатта өткен зейнетақы жүйесінің тұрақтылығына арналған кездесуде Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді. 2026 жылғы 1 наурыздағы дерек бойынша, активтер бір жылда 12%-ға өсіп, 2,7 трлн теңгеге артқан.
Қор портфелінің құрылымында теңгелік активтер 59,6%-ды, ал шетел валютасындағы үлес 40,4%-ды құрайды. Инвестициялардың басым бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарға (43%), квазимемлекеттік сектор облигацияларына (9,2%) және екінші деңгейлі банктер облигацияларына (2,4%) бағытталған.
2025 жылы Сенаттың ұсыныстарынан кейін Ұлттық Банк инвестициялық стратегияны жаңартты. Атап айтқанда, АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздарының үлесі 30%-дан 15%-ға дейін қысқартылып, акциялар үлесі 30%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, валюталық портфельге 10% көлемінде баламалы инвестициялар енгізілді.
Жаңа құрылым бойынша валюталық портфель жаһандық акциялардан (30%), дамушы нарық облигацияларынан (25%), корпоративтік облигациялардан (20%), баламалы құралдардан (10%) және дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарынан (15%) тұрады. Сарапшылардың бағалауынша, бұл тәсіл портфель кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылдың қорытындысында БЖЗҚ активтерінің кірістілігі 7,43%-ды құрап, инвестициялық табыс 1,77 трлн теңгеге жетті. Ұлттық Банк алдағы уақытта портфельді әртараптандыруды жалғастырып, валюталық үлесті 40% деңгейінде сақтауды жоспарлап отыр.