Чекті кассада қалдырмаңыз: салықшылар ескерту жасады

Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаменті қазақстандықтарға кассада чекті қалдырмауға және оны қоқысқа тастамауға кеңес берді. Салық қызметкерлерінің айтуынша, сатып алушылар бұл қағазға тым немқұрайлы қарайды. Көп адам кассадан алмаған күйі кетіп қалады, ал бірақ ол чектерді алаяқтар ақша ұрлау үшін пайдалануы мүмкін.
«Чекті кассада қалдыру алаяқтардың қызығушылығын оятады, бұл сатып алушы үшін де, дүкен үшін де қауіпті. Мысалы, егер сіз тауарды қолма-қол ақшаға сатып алсаңыз, алаяқ сол чекті пайдаланып, дәл сондай тауарды ұрлап шығуы мүмкін», – дейді мамандар.
Департамент өкілдерінің түсіндіруінше, қылмыскер тауардың қорғаныс белгісін (магнитті) алып тастап, оны сыртқа алып шығады. Егер күзетші тоқтатса, қолындағы табылған чекті көрсете салады. Ал чекті қалдырып кеткен адам үшін соңы жағымсыз болуы мүмкін, оны «қылмысқа қатысы бар ма» деп тексере бастайды.
«Тіпті дүкен қызметкері де алаяқтыққа баруы мүмкін. Кассир қалдырылған чекті алып, сыбайластарының құжаттары арқылы ақшаны қайтаруды рәсімдеп жібереді. Сонымен қатар, сатушылар чекті өз пайдасына қолданып, байқамай тұрған сатып алушының шотына артық тауар жазып жіберуі де ғажап емес», – деп ескертті ведомство мүшелері.
Чектегі жеке деректі пайдалануы мүмкін
Салық мамандарының сөзінше, кассир ақшаны алып, бірақ чекті шығармай, тапсырысты жоя салуы мүмкін. Ондай кезде ақша дүкен кассасына емес, кассирдің қалтасына түседі.
Егер сіз картамен төлесеңіз, чекте аты-жөніңіз көрсетіледі. Алаяқтар осы деректер арқылы телефон нөміріңізді тауып, банк қызметкері ретінде хабарласуы мүмкін. Сөзіне сендіру үшін чектегі картаның соңғы төрт санын атайды.
Алаяқтықтан бөлек, чек тауар сапасыз болып шықса немесе ұнамаса, оны қайтару үшін де қажет. Заң бойынша тауарды чексіз де қайтаруға болады, бірақ бұл процесс әлдеқайда күрделі, тауардың нақты осы дүкеннен алынғанын дәлелдеу қиынға соғады.
Сондай-ақ, қазір көптеген қосымшаларда чек арқылы кэшбэк жинауға болады. Егер чекті тастап кетсеңіз, басқа біреу оны сканерлеп, сіздің орныңызға бонустар мен жеңілдіктер алуы немесе ұтыс ойындарына қатысуы мүмкін.
Айта кетейік, чек арқылы сыйақы алуға болатын «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасы бар. Ол осы жылдан бастап қайта ұзартылды.