
Алматыда театр сүйер қауым үшін айтулы оқиға болды. Фархад Молдағали бастаған Sham театры әлемдік деңгейдегі шедевр, ирандық режиссер Асгар Фархадидің «Надер мен Симиннің ажырасуы» (A Separation) фильмінің желісімен дайындалған «Екеуміз жайлы» спектаклінің премьерасын ұсынды.
Экраннан сахнаға
Егер бұған дейін аталған театрдың «№37» қойылымы фильмге айналса, бұл жолы керісінше процесс орын алды. «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясында «Оскар» және Берлин кинофестивалінің «Алтын аюын» иеленген туынды театр тілінде сөйледі. Алматы театрының техникалық мүмкіндіктері режиссерлік шешімдердің ауқымын кеңейтіп, көрерменді оқиғаның бел ортасына жетеледі.
Сюжет: Шындық қайсы?
Қойылым ортасында – отбасылық драма. Сара қызының болашағы үшін шетелге кеткісі келеді, ал Назар ауыр дертке (Альцгеймер) шалдыққан әкесін тастап кете алмайды. Осы екіұдай таңдау оларды ажырасуға итермелейді. Алайда Назардың әкесіне қарау үшін жалдаған күтушісімен арадағы жанжалы жағдайды қиындатып жібереді.
Іс сотқа жеткенде, сахнада психологиялық кернеу шыңына жетеді. Куәгерлердің қайшылықты сөздері, әр кейіпкердің өз шындығын қорғауы көрерменді «Кінәлі кім?» деген сұраққа жауап іздеуге мәжбүрлейді. Бұл жай ғана ажырасу емес, бұл – мораль, сенім және адам тағдырының сыны.

Жұлдызды құрам мен ерекше дебют
Спектакльдің табысты болуына актерлік құрамның да үлесі зор. Сахнада қазақ өнерінің саңлақтары мен жас таланттар тоғысқан:
Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжіт, Самал Еслямова, Сағызбай Қарабалин, Зарина Қармен, Тынышкүл Сұлтанбердиева сынды майталмандардың ойыны көрерменді бей-жай қалдырмады.
Ерекше атап өтерлік жайт – актриса Зарина Қармен алғаш рет туған қызымен бір сахнада өнер көрсетті. Қойылым соңында жас актрисаның толқып, көзіне жас алуы мен көрерменнің ұзақ сонар қошеметі кештің ең тебіреністі сәтіне айналды. Сондай-ақ, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті, Еркебұлан Дайыровтың шәкірті Фатима Абетей алғаш рет үлкен сахнада өнер көрсетті. Халықтың ықыласы екі жас қызға ерекше ауды.
Қойылым соңында Фархад Молдағали театрдың үшінші туындысымен қауышқан жұртшылыққа алғысын білдіріп:
«Ұзақ уақыттан кейін, сіздермен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз, келесі премьераны мамыр айында күтіңіздер», – деп ағынан жарылды.
«Екеуміз жайлы» – адамның ішкі арпалысын, жауапкершілік жүгін сезіндіретін, ойландыратын туынды.