
Ресми статистика бойынша Қазақстан экономикасы серпінді дамып жатқанымен, қарапайым халықтың қалтасы бұл өзгерісті әлі сезіне алар емес. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің ІЖӨ-сі 6,5%-ға өскенімен, халықтың әл-ауқаты кері кеткені байқалады.
Halyk Finance сарапшыларының дерегінше, былтыр төртінші тоқсанда азаматтардың нақты табысы 2,9%-ға, ал шығыны 2,6%-ға қысқарған.
Бұл – экономикалық өсім мен халықтың өмір сүру деңгейі арасындағы алшақтықтың айқын белгісі.
Теңгенің «салмағы» және инфляция
Қазақстандықтардың номиналды табысы, яғни қолға тиетін ақшалай сомасы орташа есеппен 374,3 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға өскен.
Алайда бұл қуанатын көрсеткіш емес. Себебі, толассыз инфляция өсімді жұтып қойды. Жалақы – халық табысының негізгі өзегі (74,9%).
Бірақ еңбек табысының нақты көрінісі 3,3%-ға төмендеп кетті. Бұл деген, адамдар көп жұмыс істегенімен, алған ақшасына бұрынғыдан аз тауар мен қызмет сатып алады деген сөз.
Әлеуметтік төлемдер жағдайды сәл де болса жеңілдеткенімен, жәрдемақылардың 12,9%-ға құнсыздануы көптеген отбасылардың бюджетіне соққы болып тиді.
Табыстың жартысы тамаққа жұмсалады
Қазақстандықтардың тапқан табысының 52,3%-ы тек азық-түлікке жұмсалады. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 50,1% болған еді.
Экономикалық теория бойынша, егер үй шаруашылығы табысының жартысынан астамын тек тамаққа жұмсаса, бұл – кедейліктің және қаржылық осалдықтың белгісі.
Адамдар азық-түлікке ақша табу үшін өзге қажеттіліктерінен бас тартуға мәжбүр: өнеркәсіптік тауарларға шығын 10,5%-ға, ал қызмет түрлеріне 3,6%-ға азайған.
Яғни халықтың жинақ жинау, білім алу немесе денсаулыққа инвестиция салу мүмкіндігінің шектеліп жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те халықтың табысы мен несие алу қарқыны азайғанын айтқан.