Ломбардтан алынған қарыз несие алуға кедергі бола ма

Ломбардтан ресімделген қарыз несие немесе ипотека алуға кедергi болмайды, алайда ол қаржы ұйымының шешіміне әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жазды.
Банк не қарайды
Агенттік мәліметінше, өтінімді қарау кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушының қаржылық жағдайын және оның қарыздарын өтеу қабілетін бағалайды. Уақытылы төлеп жүр ме, жоқ па – соны қарайды. Кредиттік тарих мен борыш жүктемесі маңызды рөл атқарады.
«Егер қарыз алушының ломбард алдында мерзімі өткен берешегі болса, бұл мақұлдау мүмкіндігін азайтады. Мұндай міндеттемелер борыш жүктемесін есептеу кезінде басқа кредиттермен және микрокредиттермен тең ескеріледі», – делінген хабарламада.
Көп адам біле бермейді
Агенттік дерегінше, ломбардтар да қарыз алушы туралы мәліметті кредиттік бюроларға жібереді. Яғни «ешкім көрмейді» деген түсінік – қате.
Егер борышкер микрокредитті уақытында өтемесе, ломбард кепілге қойылған мүлікті кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы кезеңде қарыз алушы қарызды төлеп, өз затын қайтара алады.
«Осы мерзім өткеннен кейін ломбард кепілді сатуға не оны өз меншігіне ресімдеуге құқылы. Нәтижесінде ломбардтағы заттарды кепілге қою туралы шарт және микрокредит беру туралы шарт өз қолданысын тоқтатады. Қарыздың тоқтатылу фактісін кепілді сату актісі немесе оны ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім және қарызды өтеу туралы анықтама сияқты құжаттар растайды», – делінген хабарламада.
Ведомство кредит беру туралы шешімді банк немесе микроқаржы ұйымы заңнамалық талаптарды ескере отырып, сондай-ақ өзінің ішкі кредиттік саясатына, қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалауға және қабылданатын тәуекелдер деңгейіне сәйкес дербес қабылдайтынын назарға алу қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржылық ұйымдардың табысы жайлы 2025 жылдың есебін жариялаған еді.