Лукашенко Солтүстік Кореяға барып, Ким Чен Ынмен кездесті

Беларусь президенті Александр Лукашенко Солтүстік Кореяға барды. Бұл оның КХДР-ға жасаған алғашқы сапары деп жазады Reuters.
Беларусьтің сыртқы істер министрі Максим Рыженков мәлімдегендей, сапардың негізгі мақсаты – Минск пен Пхеньян арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық оқшаулану мен санкциялар жағдайында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық базасын нығайтатын тоғыз салалық келісімге қол қояды деген жоспар бар.
Бұған дейін Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын мен Лукашенко былтыр күзде Бейжіңде кездескен. Ол кезде Қытайда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына орай өткен әскери парад өтіп, бірнеше мемлекет басшылары жиналған. Сол жерде Ким Чен Ын Лукашенконы қонаққа шақырған.
Reuters сарапшыларының жазуынша, ҚХДР мен Беларусь Ресейдің Украинаға қарсы соғысында Мәскеуге айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Минск үш жыл бұрын соғыс басталатын кезде өз аумағын ұсынып, кейін өз жерінде Ресейдің тактикалық ядролық қаруын орналастыруға келісім берді.
Ал Солтүстік Корея былтыр көктемде алғаш рет ресми түрде Ресейге әскер жібергенін растаған. Солтүстік Кореяның әскери бөлімшелері Ресейдің Курск өңірінде Украина күштеріне қарсы операцияларға қатысып, бұл аймақты «азат ету» ісінде маңызды рөл атқарған.