Қоғам

Мелания Трамп Ақ үйде жиналғандарға гуманоид роботты таныстырды – видео

АҚШ-тың бірінші ханыма роботты 45 елдің өкілдеріне таныстырған/фото: AFP

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Ақ үйде америкалық Figure 3 роботын таныстырды. Ол Fostering the Future Together («Болашақты бірге қалыптастыру») жаһандық коалициясының саммитінде 45 ел өкілдерінің басын қосты.

Іс-шарада білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу стратегиялары талқыланған.

«Сіздер әлемнің 45 елінен келіп, осы жаңа коалиция құрамында өз елдеріңізді таныстырып жатырсыздар. Бұл – осындай форматтағы алғашқы тәжірибе. Біз болашақты бірге құрып жатырмыз.

Біздің миссиямыз – балалардың мүмкіндіктерін технологиялар мен білім арқылы кеңейту. Мен сіздерді осы алғашқы саммиттен кейін белсенді қадам жасауға шақырамын. Өңірлік кездесулер ұйымдастырып, жеке сектормен ынтымақтастық орнатып, көмекке мұқтаж жандарды технологиямен қамтамасыз етіп, балаларды қорғау үшін жаңа заңнамалар әзірлеуге шақырамын», – деді Мелания Трамп.

Айтуынша, «Болашақты бірге қалыптастыру» жобасы жасанды интеллект арқылы қоғамның сауда, денсаулық сақтау және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты түрлі салаларын жақсартуға әкеледі деген идеяға негізделген.

фото: AFP

Бірінші ханымның айтуынша, технологияларды пайдалану балаларға спортпен айналысуға, басқа да дағдыларын дамытуға көбірек уақыт береді.