Ұлттық мұнай алыбы 2025 жылы 1 трлн теңгеден аса таза пайда тапқан

Ұлттық мұнай алыбы – «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) компаниясы 2025 жылдың қорытындысын жариялады. Былтыр әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандағанына қарамастан, ҚМГ қаржы тұрақтылығын сақтап, табысын арттыра алған.
Пайда мен дивиденд: қоржын бос емес
2025 жылдың соңында компанияның таза пайдасы 1 триллион 72 миллиард теңгені құрады.Әсіресе, компанияның ірі жобалардан (Теңізшевройл, Каспий құбыр консорциумы) алған дивидендтері бір жылда 40%-ға өсіп, 985 млрд теңгеге жеткен.
Өндіріс артты
Былтыр ҚМГ өндіріс пен өңдеуде айтарлықтай арттырған:
- Мұнай өндіру: 10%-ға артып, 26,2 млн тоннаға жетті.
- Газ өндіру: Бірден 20%-ға жуық өсіп, 11,4 млрд текше метр болды.
- Мұнай өңдеу: Отандық және румыниялық зауыттарда өңдеу көлемі 9,5%-ға артты.
Бұл өсімге Теңіз кен орнындағы жаңа зауыттың іске қосылуы мен басқа да нысандардың жөндеуден кейін толық қуатында жұмыс істеуі себеп болды.
Компания қарызынан құтылып жатыр
Компания үшін 2025 жылдағы ең маңызды жетістіктің бірі – қарыз жүктемесінің азаюы. Бір жыл ішінде ҚМГ-ның таза қарызы 67%-ға қысқарып, 375 млрд теңгеге дейін түскен.
Бұл – соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Компания қарыздарын уақытынан бұрын өтеп, қаржылық тәуелсіздігін нығайтып жатыр.
Түсімнің өсуімен қатар, шығындар да 13,6%-ға ұлғайған. Бұл қаражат негізінен өндірістік персоналдың жалақысын көтеру, электр энергиясы мен техникалық жөндеу жұмыстарына жұмсалды.
Сонымен қатар, компания жаңа кен орындарын барлау мен инфрақұрылымды дамытуға 682 млрд теңге инвестиция салды.
Былтыр «ҚазМұнайГаз» ұзақ мерзімге шығарылған еурооблигацияларының бір бөлігін мерзімінен бұрын сатып алып, оған шамамен 500 млн доллар жұмсаған.