Өскеменде он алты жастағы қызды пышақтап кетті

Облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа он алты жастағы қыз пышақ жарақатымен түсті.
YK-news ақпаратына қарағанда, науқастың қан қысымы өте төмен деңгейде болған. Тексеру барысында іш тұсы мен сол қолында жарақат бар екені анықталды.
Қызға ота жасаған дәрігер Қуаныш Жүнісов әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Пышақтың көлемі өте үлкен, соққының күші қатты болғаны соншалықты, омыртқада да із қалған», – деп жазды.
Дәрігердің айтуынша, ота 3,5 сағатқа созылған.
«16 жастағы қала тұрғынына ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі 11-тармағы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды. Зардап шеккен қыздың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Полицияның мәліметінше, қызды жанжал кезінде 22 жастағы жігіт жарақаттаған.
2 наурызда Ақтөбе қаласында екі ер адам ішімдік ішіп отырып, жанжалдасып, бірі екіншісіне пышақ салған. Жарақат алған адам оқиға орнында көз жұмды.