Жаңалықтар

Қашаған инвесторларымен 5 млрд долларлық дау: Төрелік сот Вашингтонда өтеді

Қашаған операторы
Фото: ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қашаған, Қарашығанақ инвесторлары мен қазақ үкіметі арасындағы дау жалғасып жатыр. Әділет вице-министрі Даниель Ваисов Сенат кулуарында халықаралық арбитраждық талқылаулардың қай кезеңде екенін айтты деп жазады Қазақпарат.

Вице-министр сөзінше қазір сот апелляциялық шағымды қарап жатыр.

«Талап арыз екіжақты халықаралық келісімдер – Қазақстан мен Франция, сондай-ақ Қазақстан мен Нидерланды арасындағы құжаттар аясында берілді. Талқылау Вашингтонда ICSID (Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық) шеңберінде өтеді. Қазір арбитраждық трибунал құрылып жатыр. Әділет, Экология және Энергетика министрліктері бұл мәселе бойынша бірлесе жұмыс істеуде», – деп толықтырды ол.

Шетелдік инвесторлары мен ресми Астана арасындағы сот биыл жыл басында жаңа деңгейге шықты. Қаңтарда Лондондағы халықаралық төрелік соты Қарашығанақ кен орнын иегеретін акционерлерді айыпты деп тауып, қазақ үкіметінің өтемақы төлеу туралы арызын қанағаттандырды.

Сот шешімімен келіспеген инвесторлар ақпанда қарсы шағым түсірді.