
«Қазақмыс» корпорациясы активтерінің бір бөлігін сату мәмілесі аяқталғанын хабарлап, жаңа құрылымын ресми түрде жариялады. Осы ақпаратқа сәйкес, кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огайдың иелігінде 9 компания қалған.
Былтыр желтоқсан айында Нұрлан Артықбаев сатып алған негізгі топтың құрамында 32 заңды тұлға қалған. Олардың қатарында:
- «Қазақмыс» корпорациясы, Maker (Мэйкер), «Қазақмыс Барлау», «Қазақмыс Смэлтинг» және «Kazakhmys Maintenance Services» сияқты негізгі өндірістік кәсіпорындар;
- Жезқазған медициналық орталығы, «ZHEZAIR» авиакомпаниясы, Ұлытау университеті және корпорацияның екі колледжі сияқты әлеуметтік және білім беру нысандары;
- Бірқатар тау-кен және геологиялық жобалар (Qazaq Geophysics, «Жамбылмыс» және т.б.).
Сонымен қатар меншік құрылымындағы өзгерістерге байланысты бірқатар компаниялар корпорация құрамынан шығарылған.
Ендігі кезекте «Kazakhmys Energy», «Kazakhmys Coal», «KAZ GREEN ENERGY», Топар ГРЭС-і, «Қазақмыс» сақтандыру компаниясы, «KM Life» өмірді сақтандыру компаниясы және «КазБелАЗ» сияқты 9 кәсіпорын корпорацияның жауапкершілік аймағына кірмейтінін мәлімдеді.
2025 жылдың соңында Владимир Ким мен Эдуард Огай «Қазақмыс корпорациясын» құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаевқа (Qazaq Stroy) сатқаны белгілі болған.