Қазір ұлтқа, тілге, дінге, нәсілге бөліну белең алып кетті – Димаш Құдайберген

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: dimashnews.com

Әнші Димаш Құдайберген қазір әлемде болып жатқан соғыстар мен дүмпулерге қатысты ойын білдірді.

Әншінің Алматыдағы фан-парақшасында Димаштың жүргізуші сұрағына жауап беріп отырған видеосы тарады. Жиында геосаяси тақырыптар да қозғалған.

«Қазіргі таңда менің көңілім толмайтын мәселе – көп адамның миының аздығы. Бұл жерде жалпы халықты айтып тұрғаным жоқ. Осы сөздерім үшін жанымдағы бауырларым, достарым, үйдегілер уайымдап қалуы мүмкін. Бірақ халық пен халық ешқашанда ол деңгейге түсіп, өз бетінше ешқашан араздаспайды. Араздастыратын кім екенін өздеріңіз білесіздер. Әлемде бейбітшілік болу керек. Әлемде халықтың ойы, руханияты, мәдениеті бір-біріне келмесе де, бір арнаға тоғыса білу керек. Неге десеңіз, ұлтқа, тілге, дінге, нәсілге бөліну белең алып кетті», – дейді ол.

Әншінің айтуынша, мемлекеттің басында отырған аз адамның кесірінен көптеген халық зардап шегіп жатыр.

«Осы тұрғыда кішкене ой салғым келіп отыр. Негізінде біз өзімізді жеткіншектерден ақылды санаймыз ғой. Оларға еңбекке баулуды, білім алуды үйретеміз. Өмірге, қоғамға баулу үшін дәріс береміз, көп нәрсені түсіндіреміз. Олар өскенше көп ақыл айтамыз. Бірақ сәбилерден үйренетін бір нәрсеміз бар, біз соны ұмытып кеттік. Әлемде айналдырған аз адамдардың кесірінен зардап шегіп жатқан миллиондаған сәби бар, ал үш-төрт сәбидің кесірінен миллиондаған үлкен адамның қырылып жатқанын ешқашан естімеппін. Сонда кім ақылды?» – деп сұрақ қояды әнші.

Димаш Құдайберген парақшасында кейде адами құндылықтар мен халықтың амандығы турасында жазба қалдырып отырады. Резонансты оқиғалар жайлы да пікір білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз