
Қытайда әлемде алғашқы рет «Кәуап университеті» ашылды. Бағдарлама Хунань провинциясының Юэян қаласында іске қосылды.
Мұнда студенттерге барбекю дайындау ғана емес, сонымен қатар мейрамхана бизнесін жүргізу де үйретіледі. Алғашқы қабылдау басталып кетті.
Оқу Yueyang Open University базасында Юэян барбекю қауымдастығымен бірлесіп жүргізілуде. Бұл қала Қытайдағы барбекю орталығы саналады. Мұнда 2 мыңнан астам мекеме жұмыс істейді. Жалпы елдегі барбекю индустриясы жылына шамамен 2 млрд юань (140,1 млрд теңге) табыс әкеліп, ондаған мың адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бағдарламада барбекюге қатысты барлық бағыт қамтылған. Ингредиенттерді таңдау, көмірмен жұмыс істеу, дәмдеуіштерді дұрыс үйлестіру және тағысын тағылар. Сонымен қатар, студенттерге мейрамхананы басқару, шығындарды есептеу және асүй жұмысын ұйымдастыру да үйретіледі.
Оқу мерзімі – 3 жыл. Түлектер оқу соңында диплом мен кәсіби сертификат алады.
«Бізге қызығушылық танытқан адамдардан көптеген қоңыраулар келіп түсті. Олардың арасында бұл салада жұмыс істейтіндер де, өз барбекю бизнесін ашқысы келетіндер де бар», – деді «кәуап университетінің» деканы Ху Цзюнь.
Ал Алматы қаласында 12 рейд барысында жергілікті кәуапханалар экология талаптарын орындамағаны анықталып, оларға 1 млн 887 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.