
Жамбыл облысы шекарасы арқылы шетелге 1 млрд теңгенің бағалы металын шығармақ болғандар анықталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, олар 160 тонна кен мен бағалы металл концентраттарын (құрамында алтын бар құм) заңсыз әкетпек болған.
Одан бөлек ҰҚК наурызда Ақтөбе облысындағы өткізу пунктінен жасырын өтуге әрекеттенген 18 шетел азаматын анықтады. Олар жүк көлігінің тіркемесіне жасырынған.
«Солтүстік Қазақстан облысында «синтетикалық есірткілерді» дайындауға арналған көлемі 5 100 литр прекурсорлардың ірі партиясы табылды. Жыл басынан бері 9 620 литр химиялық заттардың («Тұз қышқылы», «Ацетон», «Фениппентан») және 1000 кг «Бромкетон-4» затының заңсыз тасымалдануының жолы кесілді», – делінген ақпаратта.
Мамандар прекурсорларды сатып алғандарды тауып, сол арқылы есірткі зертханасын жойған.
Барлық жағдай бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданды.