
Қазақстандық танымал әншілер Жазира Байырбекова мен Жанболат Бақытбеков отбасында қуанышты жаңалық – бүгін олар ұлдары Қазбектің үйлену тойын жасап жатыр.
Қазбек сүйіктісі Асылымен бұған дейін шетелде үйленуге ұсыныс жасап, діни некесін де қидырғаны айтылуда. Ал тойдың өзінде журналист Анна Данченко оларға ресми Неке куәлігін табыстады.
Қалыңдықты ортаға Қарақат Әбілдина мен Бейбіт Сейдуалиева алып шықты. Беташар рәсімін айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан жүргізді.
Тойдың басты ерекшеліктерінің бірі – жас жұбайларға берілетін негізгі сыйлық автокөлік болмақ. Бұл туралы салтанатты кешті ұйымдастырып жатқан танымал Alem Event агенттігі жария етті.
Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, жұлдызды жұп осыған дейін келін түсіріп, барлық қазақы дәстүрлерді сақтай отырып құдалық рәсімдерін өткізген. Сырға салу, ұзату секілді салттар орындалған.
Әншілер отбасы бұл қуанышты сәтті кең көлемде атап өтуде. Қазір той барысы әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Бір мезетте тойды 2 мыңнан астам адам көрді.
Айта кетейік, бұған дейін Жанболат пен Жазираның келіндері «Музарт» тобының әншісі Кенжебектің балдызы екенін жазған едік.