Авто

Павлодарда 34 млн теңге қарызы бар Cadillac Escalade тәркіленді

Фото: kursiv.media архиві

Павлодарда патруль қызметкерлері ірі мөлшердегі қарызы бар көлікті анықтады. Люкс санатындағы Cadillac Escalade кроссоверінің жиналған берешегі миллиондаған теңгеге жеткен. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Полицейлер мұны «Борышкер» профилактикалық іс-шарасы барысында анықтады. Cadillac Escalade-ты деректер базасында тексерген кезде, бұл автокөлікке иелік ететін ұйымның 34 млн теңгеден астам өтелмеген қарызы бар екені белгілі болды.

«Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде автокөлік арнайы тұраққа қойылды«, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы.

Павлодарда 34 млн теңгеден астам қарызы бар көлік тоқтатылды

«Борышкер» рейді – полиция, прокуратура және сот орындаушыларының бірлескен операциясы. Негізгі мақсат әкімшілік қаулылардың орындалуын қамтамасыз ету және берешектерді өндіру.

Полиция азаматтарға айыппұлдар мен өзге де берешектерді уақытылы төлеу қажеттігін ескертті.

Еске салайық, қазақстандық автокөлік иелері 2025 жылға арналған көлік салығын 1 сәуірге дейін төлеуге міндетті. Төлем сомасы әр көлік үшін жеке есептеледі. Ол көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты анықталады әрі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде есептеледі.