Жаңалықтар

1 млн адам қолданады: Alaqan сервисі 4 млрд теңгені үнемдеуге ықпал еткен

Берік Нұрымбетов сервисті қанша адам пайдаланатын айтты / Фото: forbes.kz

Қазіргі кезде Alaqan сервисін 1 млн адам қолданады. Жүйе 4 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал еткен. Бұл туралы Alaqan стартапының негізін қалаушы Берік Нұрымбетов Digital Qazaqstan форумы аясында мәлімдеді.

«Қазақстан экономиканың түрлі саласын цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп отыр. Осы бағыттағы құқықтық негіз қалыптасып жатыр. Мұндай форум мемлекет пен бизнеске, стартап иелеріне экономиканы дамыту үшін ортақ шешім табуға көмектеседі. Осындай қарқынмен кете берсе, Қазақстан Орталық Азияның цифрлық хабына айналып қана қоймай, өзінің технологиялық шешімдерін эскпорттайтын елге айналады», – деп тұжырымдады Берік Нұрымбетов,

Alaqan стартапы – адамды алақаны арқылы тануға мүмкіндік беретін биометрикалық жүйе. Бұл технология Қазақстанның банк пен білім беру жүйесінде қолданылады.

«Қазіргі кезде біздің сервисті 7 елге шығарып жатырмыз. Қазақстанда 1 млн адам біздің сервисті қолданады. Мемлекетке процестерді ашық етуге көмектесіп, 4 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал еттік. Мұның бәрі цифрландыру аясында жүзеге асып жатыр», – деді ол.

Бұл стартап көпшілікке 1 жыл бұрын Digital Almaty форумы аясында таныстырлған еді.