Жаңалықтар

Әл-Фарабидегі жол апаты: Марқұмдардың туыстары тергеу әділ өтетініне сенбейді

Третий индийский студент погиб после ДТП под Алматы
фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болғандардың туыстары тергеу барысына күмәнмен қарайды. Депутат Мұрат Әбенов тілшілерге осылай деді.

«Қайтыс болған қыздың туыстары хабарласты. Олардың айтуынша, тергеу өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Көп ақпарат жасырулы деді. Мекенжайды қайдан алғанын білмейміз, жүргізушінің туыстары, әлдебір күзетшілер келіп, бізбен келіссөз жүргізгісі келді. Қорқып тұрмыз, тергеу дұрыс емес деп тұр», – деді Әбенов журналистерге.

Ол күдіктіге полицейлер көмектескен деген қауесетке қатысты да пікір білдірді. Сөзінше, оған блогерлер дәлел болатын видеолар да жіберген көрінеді.

«Әділетхан деген блогер көп ақпарат берді. Сол видеоларға қарасақ, автокөліктерге жалған нөмірлер салған. Полиция автокөлігінің жаңағы жүргізушінің жанында жүргені жайлы видеолар бар… Жүргізушілер өздері жалған нөмірлер салған, үкіметке қатысты нөмірмен жүр. Бұл үлкен заңсыздық», – деп ата өтті депутат.

Еске салайық, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жол апаты болып, үш адам қайтыс болды. Ал апатқа кінәлі деген күдікті ауруханаға түсті. Осыдан кейін даңғылда түнде заңсыз көлік жарыстары ұйымдастырылған, оған құзырлы орган өкілдері де қатысқан болуы мүмкін деген қауесет тарады. Полиция департаменті ол деректі тексеруге уәде берді.