Алматыда 500 келіден астам есірткі тәркіленді

Алматыда полицейлер 500 келіден астам, шамамен 2,5 мың доза есірткінің айналымға шығуына жол бермеді.
Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мәлімдеген.
Оның деректеріне сәйкес, есепті кезеңде есірткінің заңсыз айналымы саласында 629 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 279-ы – өткізу фактілері.
Көлеңкелі нарыққа 500 келіден астам есірткі затының түсуіне жол берілмеген. Оның ішінде 54 келіден астамы синтетикалық заттар. Осылайша шамамен 2,5 мың доза есірткі айналымға түспей, қоғамнан оқшауланды.
– Есірткі қылмысы – ұлт денсаулығына және жастардың болашағына тікелей қауіп. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша және ведомствоның тұрақты бақылауында наркоқауіпке қарсы іс-қимыл күшейтілуде. Әсіресе жылдам таралып, ауыр зардаптарға әкелетін синтетикалық есірткілер ерекше қауіп төндіреді, – деді Айдын Кабдулдинов.
Полиция мәліметінше, жұмыс бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, профилактика, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастық қамтылған.
Қазіргі таңда жасанды интеллект негізіндегі талдау жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары және дәлелдемелермен жұмыс істеуге арналған цифрлық шешімдер кеңінен енгізілу үстінде.
Азаматтардың көмегімен есірткі таратуға қатысы бар 92 адам ұсталып, барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Жуырда Ақтауда Қытай азаматшасынан есірткі табылған болатын.