
Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу мақсатында жер телімдерін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару басталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды 2026 жылғы 26 наурызда тиісті қаулыға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, қаланың Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарында орналасқан 270 жер телімі мен жылжымайтын мүлік нысаны мемлекет меншігіне алынбақ. Бұл аумақтар жаңа LRT желісінің бірінші кезеңін, атап айтқанда, «Алматы-2» вокзалынан Момышұлы көшесіне дейінгі аралықты іске асыру үшін қажет. Тәркіленген жерлер Жол инфрақұрылымы басқармасының теңгеріміне беріледі. Жерді иеліктен шығару процесі 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталуға тиіс.
Besmedia жазуынша, иеліктен шығарылатын нысандардың арасында Алматының бұрынғы әкімдерімен байланысы бар делінген ірі компаниялардың мүлкі де бар. Мәселен, сыртқы жарнама нарығындағы ең ірі операторлардың бірі «РТС Деко» АҚ-ға тиесілі 26 билборд орналасқан жер телімі тізімге енді. Айта кетейік, 2022 жылдың соңына дейін бұл компанияның акционерлері қатарында Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнәр Досаева мен кәсіпкер Гаухар Каппарова болған.
Тізімде Іле ауданын 14 жыл басқарған бұрынғы әкім Николай Логутовтың ұлы Константин Логутовқа тиесілі «Terra Invest Group» ЖШС-нің 17 жер телімі бар.
Осы айда наурызда Алматыға жұмыс сапарымен келген Тоқаев Дархан Сатыбалдыға LRT құрылысын жеделдетуді тапсырған еді. Жоспар бойынша, жоба 2027 жылы басталып, 2029 жылы аяқталуы керек.