
Әлемге әйгілі саяхатшы блогер Дастан Мұхамедрахым Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кездесті. Өңір басшысы Ақсуаттан шыққан тревел-блогерге туған жерді көпшілікке танытқаны үшін алғыс айтты. Қазақ жігіті бұған дейін танымал актер Том Холландтан мақтау естіген.
Әлемнің үздік travel-блогері
Instagram әлеуметтік желісінде 1,6 млн оқырманы бар Дастан Мұхамедрахым Абай облысы Ақсуат ауданына қарасты Қызылкесік ауылында туған. Саяхатшы жақында WIBA Awards 2026 халықаралық марапаттау рәсімінде «Әлемнің үздік travel-блогері» марапатына ие болды.
Мұхамедрахым гиперлапс форматында бейнероликтер түсіріп, Қазақстан табиғатын әлемге танытып жүр.

Димашпен коллаб
Дастан бір апта бұрын қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Димаш Құбайдергенмен кездескен. Сол кезде екеуі бірлескен жобаны жүзеге асырып жатқаны мәлім болған.
«Бұйырса, қазақ өнері мен табиғаты қосылатын керемет коллаб күтіңіздер», – деп жазған саяхатшы.
Уәли де алғыс айтты
Енді Мұхамедрахым Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кездесіп отыр. Бұл туралы осы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Саясаткер блогерге облыс тұрғындары атынан алғыс айтқан.

«Аймақ басшысы кездесу барысында саяхатшы блогердің шығармашылығын жоғары бағалап, еліміздің, оның ішінде өңіріміздің туристік имиджін қалыптастырудағы еңбегі үшін облыс жұртшылығы атынан алғыс білдіріп, сәттілік тіледі», – деп таратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мұхамедрахым Marvel және Sony компанияларымен де әріптестік орнатқан. Мәселен, Marvel қазақ блогеріне «Өрмекші адам: Жаңа күн» (2026) фильмінің трейлерін алғашқылардың бірі болып көрсетуді ұсынған. Ал актер Том Холланд қолдау көрсеткені үшін Дастанға алғыс айтқан.