
27 наурыздан бастап Қазақстанда ойын бизнесіне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді әрбір бәс тігуден түскен қаржының бір бөлігі мемлекеттік бюджетке емес, тікелей әлеуметтік маңызы бар қорлар мен спорт федерацияларына аударылады. Kursiv Media жаңа қаржылық механизмнің егжей-тегжейін зерттеді.
Не өзгерді?
Бұрын букмекерлік кеңселердің әлеуметтік жобаларға демеушілік жасауы ерікті сипатта болса, енді бұл – заңды міндет. ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 12 наурыздағы №167 қаулысына сәйкес, бәс тігуді есепке алудың бірыңғай жүйесі (БЕБЖ) арқылы өтетін әрбір транзакциядан 3,3% мөлшерінде міндетті аударым алынады.
Қаржыны бөлу схемасы
Жинақталған қаражат төрт негізгі бағыт бойынша бөлінеді. Ең үлкен үлес бұқаралық спортқа тиесілі:
| Бағыты | Үлесі (%) | Мақсаты |
| Бұқаралық спорт | 45% | Спорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық шаралар |
| Әлеуметтік жобалар | 21% | «Қазақстан халқына» қоры арқылы қайырымдылыққа |
| Олимпиадалық спорт | 21% | Ұлттық Олимпиада комитетін қолдау |
| Техникалық сүйемелдеу | 13% | Бәс тігуді есепке алудың бірыңғай жүйесі (БЕБЖ) |
Бұл аударымдар букмекерлік кеңсенің таза пайдасынан емес, жалпы айналымнан (ставкалар сомасынан) есептеледі. Бұл мемлекетке ойын бизнесінен түсетін табысты едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа ереже – мемлекеттің құмар ойындар нарығын тек салық салумен шектелмей, оны тікелей әлеуметтік пайдаға айналдыруға бағытталған қадамы. Енді кез келген ұтылған немесе ұтысқа тігілген ставканың бір бөлігі ауылдағы спорт мектебінің құрылысына немесе баланың еміне жұмсалады.
Еске сала кетейік, бұған дейін жаңа заңнамаға сәйкес қарызы барлар бәс тіге алмайтынын жазған едік.