Долларға Трамптың қолтаңбасы қойылады

АҚШ тарихында тұңғыш рет доллар купюраларына қазіргі президентің қолтаңбасы қойылатын болды. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі хабарлады.
Ведомство бұл шешімді АҚШ-тың құрылғанына 250 жыл толуына орай қабылданған айтулы оқиға деп атап өтті. Әдетте доллар бетінде АҚШ Қаржы министрі мен Қазынашысының қолдары ғана тұратын.
«Президент Трамптың басшылығымен біз бұрын-соңды болмаған экономикалық өрлеуге, доллардың нығаюына және қаржылық тұрақтылыққа бет алдық. Еліміз бен Дональд Трамптың тарихи жетістіктерін ұлықтаудың ең үздік жолы – оның есімін доллар купюраларына басып шығару. Бұл тарихи валютаның мемлекетіміздің 250 жылдық мерейтойында айналымға шығуы өте символикалық қадам», – деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.
Ал Қазынашы Брэндон Бичтің айтуынша, мерейтой қарсаңында жаңарған америкалық ақша Трамп бастаған халықтың гүлденуі мен мызғымас рухын бейнелейтін болады. Ол Президенттің Американың «Алтын ғасырын» қайта жаңғыртқан сәулетші ретіндегі еңбегі орасан екенін, сондықтан оның қолтаңбасын ақшаға басу лайықты құрмет екенін жеткізді.