Мүмкін жаңа партия құрамыз – Ермұрат Бапи

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Құрылтайға барғысы келетінін жасырмады.

Бүгін кулуарда журналистердің сұрағына жауап берген депутат Ермұрат Бапи әзірге партиялық жұмыс қыза қоймағанын алға тартты. Сөзінше, Құрылтайға баратын ойы бар. Бірақ әлі бір әрекетке кіріспеген.

«Елдегі партиялық жұмыстар әлі жүрген жоқ. Қандай өзгерістер болады, қандай партиялар болады, қандай партиялар сайлауға түседі деген сауалдардың басы ашық. Мүмкін жаңа партия құрамыз деген сияқты (күліп). Осы секілді ойымыз сан-саққа кетті. Біраз үзіліс алуға тура келеді», – деді Бапи.

Журналистер одан «Сонда партия құруыңыз мүмкін бе?» деп сұрады. Ермұрат Бапи нақты олай емес, мұның жалпы ой екенін айтты. Егер ұстанымына сай келетін жаңадан партиялар құрылатын болса, соған баруым мүмкін деді. Ол алдағы уақытты үлкен тәуекелдердің жылы деп атады. 2029 жылы Президент сайлауы болатынын еске салды.

Депутаттың сөзінше, ол сайлауға мүдделі топтар, сыртқы күштер араласады. Сөзінше, бастысы сайлау емес, соның нәтижесінде ел тәуелсіздігіне, елдігі мен мемлекеттігіне нұқсан келмейтіндей науқаннан өтуі керек. Ол өзінің бір шетінде жүргісі келетінін айтты. Одан бөлек, ел болашағы мен жасампаздығына жұмыс істеу керек болса, түбі бір партияны таңдау керек болатынын да жасырмады.

«Бұл жерде партия менің көңіліме жақпай қалды деп сіресіп қалуға болмайды. Қазір жаңа Конституциян – ел Тәуелсіздігін нығайту мақсатында жасалған ұлы құжат», – деді Бапи.

Еске салайық, осы жылы шілдеде қазіргі Парламент жұмысы тоқтайды. Ал бірінші қыркүйектен бастап Құрылтай жұмысын бастауы керек. Парламент сайлауы күзге дейін яғни жаңа сессияның ашылуына дейін өткізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз