
21 сәуір күні NASA-ның Goddard Space Flight Center орталығында жаратылыс құпиясын ашатын жаңа телескоп таныстырылмақ.
Nancy Grace Roman Space Telescope атты телескоп жуырда толық құрастырылып біткен. Қазіргі таңда бірегей жоба ұшырылым алдындағы соңғы сынақ кезеңінен өтіп жатыр. Ресми ұшатын уақыт 2026 жылдың күзінің басына жоспарланып отыр.
Ғарыш зерттеулеріндегі жаңа кезең
Nancy Grace Roman телескопы NASA-ның алғашқы бас астрономы Нэнси Грейс Романның құрметіне аталған. Бұл – агенттіктің ең ірі әрі стратегиялық жобаларының бірі. Ол ғарыштың кең панорамалық көрінісін жасайды. Бұрын-соңды болмаған дәлдікпен сурет түсіруге мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, обсерватория Әлем туралы түсінікті түбегейлі өзгертеді. Көптеген жаңа аспан денелерін ашуға жол ашады.
Сонымен қатар телескоп заманауи технологиялармен жабдықталған. Оның ішінде жақын жұлдыздардың айналасындағы ғаламшарларды тікелей бақылауға мүмкіндік беретін инновациялық жүйе бар.
Бұл басқа ғаламшарлардан тіршілік іздеу жолындағы маңызды қадам болмақ.
Халықаралық әріптестік
Roman телескопы – NASA жобасы ғана емес, ол халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Жобаны жүзеге асыруға Jet Propulsion Laboratory, California Institute of Technology, Space Telescope Science Institute сынды жетекші ғылыми орталықтар қатысып жатыр.
Сонымен қатар жобаға European Space Agency, JAXA, CNES және Max Planck Institute for Astronomy сияқты халықаралық серіктестер де үлес қосқан.
Айта кететін жайт, NASA дыбыстан жылдам ұшатын ұшақпен жолаушы тасымалдауды көздеп отыр.