
Қазақстан құрамасы (U21) жаңа бапкер Владимир Чебуриннің жетекшілігімен өткен алғашқы матчта «Түркістан Аренада» словактарға 1:3 есебімен жеңілді.
Жарты жылға жетпейтін уақыт ішінде қазақстандық жастар құрамасын үшінші жаттықтырушы басқарып отыр. 43 жастағы Денис Мамонов пен 50 жастағы Андрей Ферапонтовтан кейін команданы 60 жастағы Владимир Чебурин тізгіндеді.
Қонақтар 18-минутта алға шықты. Түрік төрешісі Атилла Караоглан павлодарлық Рамазан Каримовтың Гуго Павекеге қарсы ережебұзушылығы үшін пенальти белгіледі. Қонақтардың «оны» Нино Марцелли допты межесіне жеткізді – 1:0.
Үзілістен кейін көп ұзамай Марцеллидің командаласы Артур Гайдош айып алаңы сыртынан соққы жасап, есепті еселеді. Чебурин жасаған бірқатар ауыстырулар нәтижесінде шымкенттік Мағжан Тоқтбай қосалқы құрамнан шыққаннан кейін 6 минут өткен соң словактардың қақпашысы Адам Грдинаны алдап өтіп, есеп ашты. Алайда жартылай қорғаушы Милан Регуш Дулат Талыспаев қорғаған қақпаны дәл көздеп, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 3:1.
Іріктеудегі алты матчтың төртеуінде жеңілген біздің жастар құрамасы турнирлік кестенің соңына жайғасты. Алғашқы екі орынға таласу мүмкіндігі енді тек математикалық тұрғыда ғана қалды. 31 наурызда дәл осы Түркістанда қазақстандықтар ирландиялық құрдастарымен кездеседі.
Финалдық турнир 2027 жылдың жазында Албания мен Сербияда өтеді.