
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы жіті тергеліп, жауапты басшылардың бәрі қызметінен кетуі керек деп мәлімдеді.
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген депутат оқиға болған кездегі бейнежазбаның бәрін көру керектігін айтты. Сөзінше, қызметінен кеткен басшы – кеткендердің соңғысы емес.
«Мен де Алматыдағы әл-Фараби көшесінде тұрамын. Күн сайын сол көшенің бойымен спорткарлар, қымбат көліктер зуылдап жүретінін көреміз, бірақ ешбіріне айыппұл салынғанын, біреудің сол үшін қызметінен қуылғанын байқамаймыз. Сол себепті ішкі істер органдарын жаппай «тазарту» керек», – дейді депутат.
Оның айтуынша, жалғыз Алматыдағы полиция департаменті емес, Қазақстандағы бүкіл жауапсыз полиция басшылары орнын босатуға тиіс. Депутат мажорлар, үлкен қызметтегі шенеуніктер мен бизнесмендердің балаларын полиция департаментіндегі басшылар «крышовать» етіп отыр деп мәлімдеді. Сөзінше, Алматыда ғана емес, әр өңірде осындай жағдайлар бар.
«Тоқсаныншы жылдардағы мажориктардың заманы өтті. Депутаттық корпус Президентке осы мәселе бойынша жүгініп, ішкі істер министрі алдында жолдағы қауіпсіздікті қамту бойынша нақты тапсырма берілетіндей әрекет етуге дайынбыз», – дейді Базарбек.
Мәжілісмен жол ережесін бұзғандар рақымшылыққа ілінбеуі керек деп есептейді.
Бұған дейін Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша бірден бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. ІІМ басшысы Алматыдағы атышулы жол апатына қатысты пікір білдірді.
Еске салсақ, 21 наурыз түнгі сағат 03:30 шамасында, Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жол апаты болды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан Zeekr маркалы машинасы Mercedes көлігіне соғылды. Екінші көлікте отырған үш адам да сол жерде тіл тартпай кетті. Ал апатқа кінәлі делінген Zeekr жүргізушісі ауыр жарақат алып ауруханада жатыр.