Жаңалықтар

Санкцияға байланысты «ҚазМұнайГаз» 6,4 млрд доллар болатын жобаны тоқтатты

фото: ашық дереккөзден

«ҚазМұнайГаз» компаниясы Каспий теңізіндегі «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын «Лукойлмен» бірлесіп игеруді тоқтатты. Үзіліс жасауға ресейлік мұнай-газ компаниясына қарсы салынған санкциялар себеп болған. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов бейнеконференция барысында айтты деп жазады Интерфакс.

«Өткен жылы біз «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» бірлескен жобасы бойынша жобалау кезеңін аяқтаған едік. Бірақ бүгінгі таңда енгізілген санкцияларды ескере отырып, жобаны одан әрі іске асыру тоқтатыла тұрды», – деп атап өтті Асхат Хасенов.

Кен орындары Каспийдің қазақстандық бөлігінде орналасқан. Ондағы қор көлемі 8,5 млн тонна мұнай және 19 млрд текше метр газ деп бағаланған. Жоспар бойынша жылына шамамен 4 млн тонна (тәулігіне 80 мың баррель) мұнай өндіріліп, алғашқы өнім 2029 жылдың соңында алынуы тиіс еді. Жоба «ҚазМұнайГаз» (50%) бен «Лукойл» (50%) арасында тең бөлінген, ал жалпы инвестиция көлемі 6,4 млрд долларды құрауы керек болатын.

Сала сарапшысы, «RACE Analytics» талдау компаниясының директоры Асқар Исмаиловтың пікірінше, жобаның тоқтауы Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісіне ауыр тиеді. Оның есебінше, 2030 жылға қарай өңірдегі өндіріс қазіргі 17 млн тоннадан 12-13 млн тоннаға дейін төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар, егер Бейнеу ауданы Маңғыстау облысынан Атырау облысына берілсе, өндіріс деңгейі бұдан да бетер азаюы ықтимал.

Былтыр күзде Ұлыбритания үкіметі Ресейдің «Лукойл» компаниясына қатысты санкциялар салған еді. Бірақ кейінірек Қазақстандағы мұнай жобаларына қатысуына уақытша рұқсат берді. Аталған шешім 2027 жылдың қазанына дейін күшінде болады.

Биыл «Лукойл» санкциялық активтерін сатуға кірісті. Меншікті сатып алушылар қатарында арабиялық компаниялар да аталды.