
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) әйелдер категориясын қорғаудың жаңа саясатын жариялады. Енді Олимпиада ойындары мен ХОК-тың қамқорлығымен өтетін кез келген жарысқа тек табиғатынан әйел боп туғандар ғана жіберіледі. Бұл ереже 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарынан бастап күшіне енбек.
SRY гені басты критерий
Жаңа ережеге сәйкес, спортшының жынысын анықтау үшін SRY (Sex-determining Region Y) геніне бір реттік тестілеу жүргізіледі.
ХОК ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, SRY генінің болуын спортшының еркекке тән жыныстық даму кезеңінен өткендігінің дәлелі деп санайды. Бұл ерлерге тән физикалық артықшылықтарды (бұлшықет массасы, сүйек құрылымы, т.б.) анықтаудың ең нақты жолы.
Тест сілекей немесе қан үлгісі арқылы алынады. ХОК мұны басқа әдістермен салыстырғанда ең қолайлы әдіс деп отыр. Егер тест нәтижесі теріс болса, спортшы өмір бойы әйелдер арасындағы жарысқа қатысу құқығын алады. Қайталап тапсырудың қажеті болмайды.
Кімдерге рұқсат жоқ және қандай ерекшеліктер бар?
Тест нәтижесі оң (позитивті) шыққан спортшыларға әйелдер категориясына жол жабық. Олар тек:
- Ерлер категориясында;
- Аралас жарыстарда (бірақ ер адам ретінде);
- Жыныстық белгісі бойынша жіктелмейтін категорияларда өнер көрсете алады.
Ерекше жағдай: ХОК андрогендерге толық сезімталдық синдромы (CAIS) сияқты медициналық диагнозы бар спортшылар үшін сирек жағдайларда ерекшеліктер қарастыруы мүмкін.
Трамптың ықпалы
Айта кету керек, АҚШ-та трансгендер спортшыларға әйелдер жарысына қатысуға 2025 жылдың ақпанынан бастап тыйым салынған болатын. Бұл Дональд Трамптың президенттік қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы жарлықтарының бірі еді. Трамп бұл шектеуді халықаралық деңгейге, яғни ХОК деңгейіне дейін жеткізуге уәде берген еді.
Соңғы жылдары трансгендер спортшылардың әйелдер арасында рекордтар орнатуы үлкен дау-дамайға себеп болған еді. Ендігі кезекте, Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасы биологиялық тұрғыдан тең дәрежелі спортшылардың додасына айналмақ.