
Қазақстанда соңғы үш жылда тұрмыстық газ баллондарының 30 жарылысы болып, салдарынан 110 адам зардап шекті және 27 адам қаза тапты, деп хабарлады ТЖМ.
Бұл мәліметтерді ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов газ баллондарын пайдалану және халықтың қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте мәлімдеді. Талқылауға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, бейінді министрліктердің, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдері де қатысты.
Әріновтың айтуынша, еліміздегі газ баллондарының едәуір бөлігі қызмет ету мерзімінен асып кеткен, бұл апаттар мен газдың жылыстау қаупін арттырады. Есеп бойынша айналымда 3,5 млн-ға жуық баллон бар, алайда ескірген жабдықтардың нақты саны туралы нақты деректер жоқ.
«Іс жүзінде 60-90-шы жылдары шығарылған баллондар кездеседі. Яғни, газ баллондарын таңбалау және қадағалау жүйесі қажет», – деп атап өтті министр.
ТЖМ баллондардың техникалық жай-күйін есепке алу мен бақылаудың біріңғай жүйесі жоқ екенін, бұл оларды жаңартуды мониторингтеу мен жоспарлауды қиындататынын көрсетті. Нарықтың импортқа тәуелділігі қосымша мәселе болып қалуда – отандық өндіріс қажеттілікті іс жүзінде өтемейді, ал жаңа баллондардың жоғары құны азаматтардың оларды ауыстыруға деген дайындығын төмендетеді.
Кеңесте сондай-ақ баллондарды заңсыз толтыру мәселелері, әсіресе шалғай өңірлердегі жағдай талқыланды. Заң бойынша бұған тек мамандандырылған станцияларда ғана рұқсат етіледі, алайда автогаз құю станцияларында толтыру жағдайлары тіркелуде.
Бұдан бөлек, ескі баллондарды жинау, пайдаланудан шығару және кәдеге жарату (утилизация) жүйесіндегі кемшіліктер атап өтілді. Отандық өндірісті дамыту және кәдеге жарату жүйесін құру бойынша бұрын басталған жұмыстар қазіргі уақытта тоқтап тұр.
Қауіпсіз балама ретінде шетелде кеңінен қолданылатын композиттік баллондар қарастырылуда. Сарапшылардың мәліметінше, шектен тыс жүктеме кезінде олар жарылыс толқынынсыз және сынықтардың ұшуынсыз бұзылады, сондай-ақ ЕАЭО техникалық регламенттеріне сәйкес келеді.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар баллон паркін жаңартуды, ішкі өндірісті дамытуды, пайдалану мен толтыруды бақылауды күшейтуді, сондай-ақ есепке алу және кәдеге жарату жүйесін құруды қамтитын кешенді шаралардың қажеттілігін атап өтті.
Щучинскідегі жарылыс
Еске салсақ, 27 ақпан түнде Ақмола облысындағы Щучинск қаласында тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды. Салдарынан тоғыз адам қайтыс болды, тағы жеті адам ауыр жарақатпен ауруханада жатыр.
Жарылыста зардап шеккен бес отбасының несиелері демеушілік қаражат есебінен өтелетін болды.