
Қазақстанда ең танымал көліктердің бірі Volkswagen электрлі кроссоверге айналды. Volkswagen ID. Unyx 08 Қытайда сатыла бастады.
CarNewsChina ақпаратына қарағанда, модель Xpeng технологиясымен жабдықталған. Бағасы 34 760 АҚШ доллары деп белгіленген. Бұл көлік «Қытайда Қытай үшін жасалған» өнім ретінде бағаланып отыр. ID. Unyx 08 ұзындығы 5000 мм. Жүргізушіге көмек көрсетуге арналған ADAS жүйесімен жабдықталған. Есептеу қуаты 1500 TOPS-қа дейін жетеді. Жүріс қоры 730 шақырым. Ал ең жоғары қуаты 496 ат күшіне дейін барады.
Сериялық өндіріске шығарылды
Volkswagen компаниясы ID. Unyx 08 моделін Қытайдың Аньхой провинциясындағы зауытында 13 наурызда сериялық өндіріске шығарды. Бұл көлік 2025 жылдың сәуірінде Шанхай автосалонында таныстырылған ID. Evo концепт-кары негізінде жасалған. Компания өкілдері модель атауын бас әріппен – ID. UNYX 08 деп жазады.
Алдын ала сатылым
Алғашқы сатып алушылар көлікті брондап, жеңілдік, үйге арналған тегін қуаттау станциясы және өмірлік кепілдік ала алады. Ресми сатылым күні әлі жарияланған жоқ. Бірақ сарапшылар бұл модель 2026 жылғы Бейжің автосалонында таныстырылады деп күтіп отыр.
ID. Unyx 08 – Volkswagen мен Xpeng бірлесіп жасаған алғашқы модель. Бұл Volkswagen үшін маңызды қадам. Себебі компанияның Қытайдағы электрлі көліктер сегментіндегі нәтижелері әзірге тұрақсыз. Іштен жану қозғалтқышы бар көліктерде бренд әлі де көшбасшы болғанымен, жаңа энергия көздері сегментінде өсу әлеуеті бар.
Бұл модель Xiaomi YU7, Zeekr 7X, Avatr 07, Li Auto i6, Luxeed R7 көліктерімен бәсекелесе алады.
Мұның алдында Volkswagen жаңа шағын ID. Cross электрокроссоверін таныстырған болатын.