Жүргізушілердің шағымынан кейін Алматы-Бішкек тасжолы кеңейтіледі

Алматы-Бішкек тасжолының өткізу қабілетін жақсарту үшін «ҚазАвтоЖол» учаскелердің бірін 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Автожолды жаңғырту жоспары туралы өңірлік Qonaev Media телеарнасы хабарлайды.
Күн сайын бұл тасжолмен 80 мыңға жуық автомобиль өтеді, ал Алматы мен іргелес аудандардың шекарасында жүргізушілер жиі бірнеше сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр.
Атап айтқанда, тасжолдың 19-шақырымы Алматы облысындағы ең көп жүктеме түсетін тұстардың бірі: Жамбыл және Қарасай аудандарынан оңтүстік астанаға жұмыс пен оқуға ондаған мың адам қатынайды. Осыған байланысты 19-дан 27-шақырымға дейінгі аралықты сегіз жолаққа дейін кеңейту көзделіп отыр.
Жобада орталық бөлгіш жолақ, заманауи жарықтандыру, автобус аялдамалары және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылған. Сонымен қатар, қауіпсіздікті арттырып, көлік байланысын жақсартатын «таға» тәрізді екі жол айрығын салу жоспарлануда.
«Автокөлік жүргізушілерінің сұранысы бойынша біз өткен жылы жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауды бастадық. Қазіргі уақытта жоба толық аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр», — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім бастығы Жанат Өтепбергенов.
Тасжол учаскесін кеңейту туралы алғаш рет 2025 жылдың қазан айында, жобалау-іздестіру жұмыстары жүріп жатқан кезде хабарланған болатын. Жоспар бойынша, бұл шара жолдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруы тиіс.