Жаңалықтар

Наурыздағы ҰБТ: ереже бұзған 82 оқушының тест нәтижесі жойылды

Фото: gov.kz

2 наурыздан бері өтіп жатқан ҰБТ-ны 117 мыңнан астам талапкер тапсырып үлгерді. Талапкерлердің көбі, яғни 71,6%-ы қазақ тілін таңдаған. Ал 28,3%-ы орыс тілінде, 111 адам ағылшын тілінде тест тапсырды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Ең жоғары ұпай – 139 балл

Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67,11 %-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 63 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 139 балл.

100-ге жуық оқушы ҰБТ ережесін бұзды

ҰБТ-ны өткізудің үшінші аптасында 179 ереже бұзушылық анықталған. 97 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 82 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Ведомствоның хабарлауынша, өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталмаған.

«Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін, 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады», – деп хабарлады министрлік.

ҰБТ шарттары

ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Сондай-ақ талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тест тапсырушының сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.

2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. Барлығы 120 тапсырма беріледі, ең жоғары балл – 140.

ҰБТ тапсыруға 4 сағат уақыт беріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады. 

Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 184 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп.