Авто

Әйгілі Toyota Celica нарыққа қайта оралады. Жаңа нұсқа қандай болады

Toyota Celica
Фото: Thanos Pappas / Carscoops

Жапондық «Toyota» жиырма жылдан аса уақыттан соң өндірістен алынған моделін қайта жандандырмақ. Компания Toyota Celica-ның нарыққа қайта шығаратынын ресми түрде хабарлады. Бұл туралы Autocar баслымы хабарлады.

Жаңартылған нұсқа несімен ерекшеленеді

Toyota GR Yaris пен GR Corolla модельдеріндегі 1,6 литрлік турбомотордан бас тартты. Себебі компания экологиялық нормалар қатаң ұстануды жөн санаған.

«1,6 литрлік көлем жаңа шығарындылар стандарттарына сәйкес келе алмайды, сондықтан біз 2,0 литрлік агрегатты қарастыруға мәжбүр болдық», –  деп түсіндірді Gazoo Racing маркетинг бөлімінің жетекшісі Микио Хаяси.

Капот астында жаңа төрт цилиндрлі G20E қозғалтқышы орнатылмақ. Оның базалық қуаты шамамен 400 ат күшін (295 кВт) құрайды, алайда агрегаттың әлеуеті оны 600 ат күшіне дейін «жылдамдатуға» мүмкіндік береді. Сонымен қатар инженерлер классикалық іштен жанатын қозғалтқыш пен гибридтік нұсқаның арасында таңдау жасауда.

Негізгі сұрақ – мотор қайда орналасады. Toyota GR Celica орта моторлы, яғни қозғалтқыш көлік салоны мен артқы ось арасында, жүргізуші кабинасының арт жағында орналасады. Бұл – модельдің басты ерекшеліктерінің бірі болмақ.

Сонымен қатар жаңа Celica Sports MR2 сияқты сипаттарға ие болып, орта моторлы спорткарға айналуы мүмкін деген болжам бар.

Қазақстанда Toyota Celica-ның ескі модельдері спорт көлігі әуесқойлары арасында әлі де сұранысқа ие. Сондықтан толық жетекті жаңа модельдің 400 ат күшіне ие қуатымен шығуы спорткупе нарығы үшін қызықты болары сөзсіз.