Health

Алматыда 78 адамды кене шақты

Көктем айларында кене көбейеді / фото: shutterstock

Мамандар Алматы қаласында кенеден сақтану маусымын жариялады. Бір айдың ішінде мегаполисте 78 адамды кене шаққан. Қауіпті жәндіктен күн жылыған уақытта белсенді болады, деп хабарлады КТК.

Алматыда кене көбейіп кетпес үшін, санитария қызметі жәндіктермен күрес жұмыстарын бастап кетті. Қалада 2300 гектардан астам жерге дәрі себіледі. Олардың арасында орман, саябақ және демалыс орындары бар.

Онда шашылатын препарат адамдар мен жануарларға қауіпсіз. Бірақ дәрі себілген жерлерге үш күн бармаған жөн. Залалсыздандыру жұмыстары таңертең және ашық күндері жүргізіледі. Әзірге дәрілеудің бірінші кезеңі жүріп жатыр. Мамыр айында екінші кезеңі жүзеге асырылады.

Эпидемиологтар кенеден сақтанатын дәрі алып жүруге, мүмкіндігінше ашық әрі қолы ұзын киім киюге кеңес береді.

Кене энцефалитіне қарсы вакцинаны кім және қашан салдыруы қажет екенін білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалын оқыңыз.