Жаңалықтар

Алматыда үш амур жолбарысы дүниеге келді

Алматы зообағында үш Амур жолбарысы дүниеге келді
фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы зообағында амур жолбарысының үш күшігі дүниеге келді. Қуанышты хабарды қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Алматы зообағында үш Амур жолбарысы дүниеге келді
Үш жолбарыс / фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Кішкентай жолбарыстар

Бентли мен Ярги есімді амур жолбарыстарынан үш бірдей күшік 2026 жылғы 11 қаңтарда туған. Алайда олар туралы енді ғана хабарланып отыр.

Алғашқы апталарда шөнжіктер енесімен бірге болды. Көктем келгесін вольерге шығып, жаңа ортаға бейімделе бастады.

«Қазір олар енесін еміп жүр, дегенмен қатты тағамға да қызығушылық танытып, күн өткен сайын белсенділігі артып келеді», – деп хабарлайды әкімдік.

Алматы зообағында үш Амур жолбарысы дүниеге келді
Мінезді жолбарыс күшігі / фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Зообаққа келушілер көбейді

Көктемде жылуды жақсы көретін жануарлар да жазғы вольерлерге ауыстырылған. Пілдер, керіктер, мүйізтұмсықтар, зебралар, тапирлер мен пеликандар ашық алаңдарға шығып, еркін қозғалып, табиғи тіршілігін жалғастырып жатыр.

Наурыз мерекесі күндері зообаққа шамамен 40 мың адам келіп, рекорд жаңарды.

«Мереке күндері зообаққа 40 мыңға жуық қонақ келді. Қала тұрғындары мен қонақтарының табиғатқа деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Үш амур жолбарысы күшігінің дүниеге келуі — маңызды оқиға әрі мамандарымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі», — деді зообақ директоры Сейілхан Әкілбеков.

Оның айтуынша, қазір зообақта инфрақұрылымды дамыту, жануарларды күтіп-бағуға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 14 маусымда Алматы зообағында амур жолбарысы екі еркек күшік туған. Мекеме қызметкерлері оларды Бентли мен Айки деп атаған. Соған қарағанда, былтырғы күшік биыл әке атанып үлгерсе керек.