Жаңалықтар

«Кенжехан» базары маңында жаңа әкімшілік ғимарат өртенді

Кенжехан базары маңында жаңа әкімшілік ғимарат өртенді
Құтқарушылар шатырды тесіп, ғимарат ішіне су құйды / фото: ТЖМ

28 наурызда түсте Алматы қаласындағы «Кенжехан» базары маңында салынып жатқан әкімшілік ғимарат өртенді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, мегаполистің Алатау ауданында Солтүстік айналма жолы бойындағы үш қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры өртенді.

Кенжехан базары маңында жаңа әкімшілік ғимарат өртенді
Өрт сөндірушілер шатырды кесіп жатыр / фото: ТЖМ

Құтқарушылар тез арада шатырға көтеріліп, металды бензокескішпен тесіп, сол арқылы ғимарат ішіне су құйды. Бұған қоса, тұрақтағы автокөліктер қауіпсіз жерге көшірілді.

Оқиға орнына барлығы 65 адам және 19 техника жұмылдырылды. Өрт шыққан жер қоршалды. Жедел штаб құрылды.

Құтқарушылар сағат 16:05-те өрт оқшауланғанын хабарлады. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.

Өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз.