Ресейдегі жаппай төбелес: 16 адам әкімшілік жауапқа тартылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ресейдің Ленинград облысы Усть-Луга кентіндегі төбелес
Төбесіне жарық орнатылған жеңіл көлік бір топ адамның ортасынан жүйіткіп өте шықты / фото: видеодан алынған кадр / inform.kz

Ресейдің Ленинград облысы Усть-Луга вахталы қалашығында қазақ азаматтарының қатысуымен болған жаппай төбелестен кейін 31 адам ұсталып, 16 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев осы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме таратты.

Ресми мәлімет

26 наурыздағы жаппай төбелестен кейін «бұзақылық» және «өзгенің мүлкін қасақана бүлдіру» оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды.

СІМ таратқан ресми мәліметке қарағанда, төбелеске қатысқан қазақстандықтар ауыр жараланбаған. Олардың ешқайсысы ауруханаға түспеген.

«Оқиға орнында жағдай тұрақты, құзырлы қызметтердің бақылауында», – деп таратты СІМ өкілі.

Қазір тергеу жүріп жатыр.

Ерлан Жетібаев жаппай төбелесті «тұрмыстағы даудан» туған деп сипаттады.

Қазақстан бас консулы оқиға орнына аттанды. Ол жағдайды анықтап, ел азаматтарына заң тұрғысынан көмек береді. Бұған қоса, Қазақстанның Санкт-Петербургтегі бас консулдығының қызметкерлері Ресейдің құқық қорғау органдары өкілдерімен тығыз байланыс орнатқаны айтылды.

Усть-Лугадағы жаппай төбелес
Оқиға орнында арнайы жасақ өкілдері жүр / фото: Lada.kz

Қалашықтағы төбелес

Бұл уақытта әлеуметтік желілерде оқиға орнында түсірілген суреттер мен видеолар тарап жатыр. Солардың бірінен вахталы қалашықта ОМОН арнайы жасағы жүргенін көруге болады.

Тағы бір видеода арнайы жасақтың қолы байлаулы бір жігітт жерге жатқызып, аяғынан теуіп жатқаны бейнеленген. Шалбары жартылай шешілген жігіт қазақ тілінде көмек сұраған. Формалы адамдардың бірі әлгі жігіттен кеше не істегенін сұрап, оны кісінің ар-намысына тиетін сөздермен балағаттаған. Қауқарсыз жерде жатқан жігіт кеше ол жерде болмағанын айтып, денесі ауырсынғаннан жаны шыға айқайлаған. Оның денесінде көгерген іздер қалған.

Бұған дейін желіде таралған видеолардың бірінен күзет төлігінің вахталы қалашықтағы бір топ адамның арасынан жүйіткіп өте шыққанын көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз