Жаңалықтар

Трамп: Иранда әлі 3554 нысанның көзі жойылады

Дональд Трамп
Дональд Трамп Майамидегі форумда Иран туралы айтты / фото: REUTERS/Kevin Lamarque

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы соғыс әлі аяқталмағанын, әлі көзі жойылуы тиіс 3554 нысан бар екенін мәлімдеді. Ол Майамиде Future Investment Initiative инвестициялық саммитінде сөз сөйледі.

«Біз оларды айтарлықтай тез жоямыз», – дейді Трамп. Ақ үй қожайынының мәлімдемесін CNN таратты.

Телеарна Трамтың бұған дейін Иранды жеңгенін бірнеше рет мәлімдегеніне назар аударды.

Иран соққысы

Бұл уақытта Иран Сауд Арабиясының Ханзада Сұлтан әуе базасын атқылады. Шабуылдан кем дегенде 10 америкалық жауынгер жараланды. Бұл туралы CNN америкалық шенеунік мәліметіне сүйене отырып таратты. Бұған қоса, тағы бір жанармай тасушы ұшақ зақымданғаны мәлім болды.

Ал сенбі күні таңертең Израильге қарай зымыран ұшырылды. Ол Йемен аумағынан ұшырылғанын израильдік әскерилер анықтады. Тель-Авив зымыранды қағып түсіруді көздеп отыр.

Парсы шығанағындағы елдер

Шығанақта орналасқан елдер соғыс басталғанына төрт апта өтсе де, әлі де шабуылға ұшырап жатыр.

Сенбі күні таңертең Біріккен Араб Әмірліктері Халифа экономикалық аймағы ауданында екі өрт шыққанын мәлімдеді. Нысандар баллистикалық зымырандарды қағып түсірген уақытта тұтанған. Әмірліктерде оқыс оқиға салдарынан бес үндістандық жараланған. Шабуылға ұшыраған сауда және логистика орталығы Абу-Даби мен Дубай аралығында орналасқан.

Ал Сауд Арабиясының қорғаныс министрлігі Эр-Риядқа бағытталған баллистикалық зымыранның көзін жойғанын мәлімдеді.

Бахрейн азаматтық қорғанысы Иран арнайы қызметінің шабуылына ұшыраған нысандағы өртті сөндіріп жатыр. Бұл туралы осы елдің ішкі істер министрлігі сенбі күні таңертең хабарлаған.

Кувейт ұлттық ұланы кейінгі 24 сағаттың ішінде алты дронды атып түсіргенін мәлімдеді. Ақпаратты сенбі күні таңертең Кувейт ақпарат агенттігі таратқан.