
Таразда құрылыс материалдарын өндіретін екі жаңа зауыт іске қосылды. «Alit Holding» компаниясының екі өндірістік кәсіпорнында – мәрмәр ұнын өндіретін зауыт пен құрғақ құрылыс қоспалары өндіріледі.
Жоба «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіретін «Qazaqstan
Investment Corporation» (QIC) АҚ тарапынан «Baiterek Venture Fund» АҚ тікелей
инвестициялар қоры арқылы қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.

Инвестициялардың жалпы көлемі 3,8 млрд теңгені құрады. Қаражат өңдеу өнеркәсібін
дамытуға, жергілікті өндірісті кеңейтуге және отандық құрылыс материалдары
өндірушілерінің позициясын нығайтуға бағытталған.
Өнімдер жайлы..
Салалық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы құрғақ құрылыс қоспалары
нарығы жылына 1–1,3 млн тоннадан асады және құрылыс көлемінің артуына
байланысты өсіп келеді. Елде жыл сайын 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй
пайдалануға беріледі, бұл сапалы құрылыс материалдарына тұрақты сұраныс
қалыптастырады.

Құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жаңа зауыттың қуаттылығы жылына шамамен
150 мың тонна өнімді құрайды. Бұл жыл сайын 70 мыңға дейін пәтерді жөндеуге қажетті
материал көлемімен шамалас.

Мәрмәр ұнын өндіретін зауыттың іске қосылуы компанияға шикізаттан бастап дайын
өнімге дейін толық өндірістік цикл қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа өндірістің
қуаты жылына 120 мың тоннаға дейін жетеді.
«Құрғақ құрылыс қоспалары іс жүзінде әрбір жөндеу жұмыстарында қолданылады.
Орта есеппен бір пәтерге шамамен 2 тонна осындай материал қажет. Бұл жаңа
өндірістердің қуаты жыл сайын Қазақстан бойынша 70 мыңға дейін пәтерді
материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді компанияның атқарушы
директоры Бағлан Алжанқұлов.

Шикізат қайдан келеді
Ауқымды жоба Alit компаниясына тиесілі. Жалпы инвестиция көлемі 3,8 млрд теңгені құрады. Шикізат Үлкен Бұрылтау кен орнынан өндіріледі. Карьерде бастапқы өңдеу жүргізіліп, содан кейін материалдар зауыттарға жеткізіледі.

Компания туралы не белгілі
Alit компаниясы Қазақстанның құрылыс материалдары нарығында 1996 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның негізін қалаушы әрі басшысы – Нұрлан Әлжанқұлов. Кәсіпорын құрылыс материалдарын өндіру бағытында жұмыс істеп, құрғақ құрылыс қоспалары мен құрылыс гипсін шығаратын өндірістік нысандарды дамытып келеді.
Компания Қазақстандағы ірі салық төлеуші кәсіпорындардың қатарына кіреді. Ол жыл сайын мемлекеттік бюджетке 1 млрд теңгеге жуық салық төлейді.