Қазақстан Ресейден төрт амур жолбарысын алып келеді

Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын береді. Бұл сирек кездесетін жыртқыштың санын қалпына келтіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Kursiv.media РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жануарлар қатаң талаптар бойынша іріктеледі. Жыртқыштар табиғатқа жіберілер алдында арнайы орталықта бейімделуден өтеді.
«Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилевтің айтуынша, жолбарыстарды беру туралы шешім ресми түрде бекітілген, ал қазір жануарларды іріктеуге байланысты тәжірибелік дайындық жүріп жатыр.
«Бұл бастама жоғары деңгейде құжатпен рәсімделген. Жолбарыстарды беру үдерісі қажетті жануарларды іріктеуді қамтиды, олар әртүрлі жынысты болуы тиіс. Екінші маңызды талап – денсаулығы мықты болуы керек, ешқандай жарақаты мен оның салдары болмауы тиіс. Сондай-ақ, тұяқты жануарларды аулай білуі және адамға қалыпты реакция көрсетуі қажет. Осындай талаптармен іріктелгеннен кейін, олар Қазақстанға жеткізіліп,бейімделу орталығына орналастырылады», – деді «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев.
Орталықта мамандар жыртқыштардың қалай бейімделетінін бақылап, олардың Қазақстан аумағында тіршілік ететін жануарларды аулау қабілетін тексереді.
Сонымен қатар, жолбарыстарға арнайы сынақтар жүргізіледі. Бұл олардың адамға деген реакциясын бағалауға мүмкіндік береді. Тек осыдан кейін ғана оларды табиғи ортаға жіберу мүмкіндігі туралы шешім қабылданады.
«Үміткерлер қатарында анасынан айырылған жетім жолбарыс күшіктері немесе адамдармен жануарлардың қақтығысын болдырмау мақсатында алдын ала ұсталған жас жолбарыстар болады. Қазір лайықты жануарлар бар, оларды іріктеу жүріп жатыр», – деді ол.
Сонымен қатар қазақстандық мамандар тәжірибе жинау және жергілікті аңшылық бақылаудың жұмыс әдістерін үйрену үшін Ресейдің Қиыр Шығысына барған. Жануарлар берілгеннен кейін де ресейлік тарап жобаны қолдауды жалғастырады. Алғашқы кезеңде олар қазақстандық әріптестеріне арнап оқыту семинарларын өткізуді жоспарлап отыр.
Еске салайық, жуырда Алматы зообағында амур жолбарысының үш күшігі дүниеге келген болатын.