Ұрлық көп: туристерге аса сақ болу керек қалалар аталды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Париж, Рим және Барселона туристер үшін қауіпті қала болып шықты. Бұл қалаларда туристер жиі ұрлық, алаяқтық фактілеріне тап болады. Бұл деректер Google платформасындағы 13 мың пікірге негізделген халықаралық зерттеуде айтылған. Зерттеу нәтижесін испаниялық El Caso порталы жариялады.

Ұрлық-қарлық көбне Парижде орын алады. Оған барлық жағдайлардың 16,5%-ы тиесілі. Екінші орында Рим, пікірлерге қарағанда, онда ұрлық оқиғаларының 10,7%-ы тіркелген. Ал Барселона үшінші орында, бұл қалада осындай қылмыстың үлесі 5,3% құрайды.

Басылымда атап өтілгендей, Барселона туристерге жасалатын ұрлық жағынан әлемдік деңгейде өз позициясын нығайтып отыр.

Зерттеу барысында 2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың қараша айына дейін жарияланған пікірлер талданған. Туристер «қалта ұрылары», «ұрлық» және «алаяқтық» сияқты фактілердің көп екенін айтқан.

Айта кетейік, Дубайдағы бесжұлдызды қонақүйлер халықаралық туристердің азаюына байланысты бағаны жаппай төмендетуге кірісті. Бұл жағдайға Таяу Шығыстағы қақтығыстың күшеюі мен туристер санының азаюы себеп болды. Кейбір люкс қонақүйлерде тұру құны тіпті 50%-дан көп төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз