Жаңалықтар

121 адамға Қазақстанға бес жылға кіруге тыйым салынды, арасында радикалдар да бар

Фото: Shutterstock

121 шетел азаматы мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды, оның ішінде 8 адам – деструктивті-радикалды ағым өкілдері. Елден шығарылғандардың барлығына Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салынды. Бұл туралы республика көлемінде «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген ІІМ хабарлады.

Кіруге тыйым салынғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалған:

  • 9 қылмыстық іс – мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша;
  • 9 қылмыстық іс – заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша;
  • 6 қылмыстық іс – шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу бойынша.

Полиция өкілдерінің сөзінше, көп жағдайда шетел азаматтарының елде заңсыз жүруіне Қазақстан азаматтары өздері себепкер болады. Олар тез пайда табу үшін құжаттар рәсімдеместен шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланады.

«Мәселен, Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу деректері анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 395-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – деп хабарлады полиция.

Ведомствоның дерегінше, 500-ден астам жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

200 млн теңге айыппұл салынды

«Мигрант» іс-шарасы аясында 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды:

  • 4,1 мың шетел азаматы елде болу қағидаларын бұзғаны үшін
  • 2,7 мың шетел азаматы заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін
  • 2,2 мың қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияны уақытылы хабардар етпегені үшін жауапкершілікке тартылды

Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 200 млн теңгеден асты. Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 1,2 мың сот шешімі шығарылды.

Сондай-ақ іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды. Олар Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарында жасырынып жүрген.

Еске салайық, қаңтарда Бас прокуратураға барып, құзырлы орган өкілдерімен кездесу өткізген Тоқаев шетел азаматтарына ерекше тоқталған еді. Ол Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздігіне Қазақстанда жүрген шетелдік азаматтарды бақылауға алуды тапсырған.