
Былтыр Air Astana әуе компания 2024 жылмен салыстырғанда шамамен төрт есе аз табыс тапты. Бұл туралы компанияның KASE-де жарияланған аудиторлық есебінде айтылды.
Құжатқа сәйкес, Air Astana 2025 жылы шамамен 7 млрд теңге табыс тапқан. Ал 2024 жылы әуе компаниясының табысы 25,5 млрд теңге болған. Компанияның табысы бір жылдың ішінде шамамен төрт есе азайған.
Соған қарамастан Air Astana былтыр сыйақы төлеуді көбейткен – 34,7 млрд теңге. Салыстырар болсақ, 2024 жылы 25,8 млрд теңге сыйақы төленген.
Аудит есебінде әуе компаниясы былтыр 19 млрд теңге дивиденд төлегені айтылған.
Естеріңізге сала кетейік, Air Astana әуе компаниясы былтыр ұшақ моторындағы ақау салдарынан 25,5 млн доллар жоғалтқан. 2025 жылғы қазанның басында компания бас директоры Питер Фостер 2026 жылы қызметінен кететіні мәлім болды. Оның орнына түрік азаматы Ибрагим Жанлыел келеді.