Lifestyle

Алматыда Димаш Құдайбергеннің муралы өшірілді

коллаж: kursiv.media

Алматының қақ ортасында орналасқан әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген бейнеленген мурал боялып тасталған. Бұл қала тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Осы мәселеге байланысты Алмалы ауданының әкімдігі ресми мәлімдеме жасады.

Әлеуметтік желілерде тараған «мурал біржола жойылды» деген ақпаратқа қатысты аудан әкімдігі түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, суреттің өшірілуі оның сапасының нашарлауына байланысты:

«Бұл мурал апаттық жағдайға жеткендіктен, біз автордың келісімімен қабырғаны қайта өңдеуге кірістік. Қазіргі уақытта жарамсыз болып қалған сурет алынып тасталып, жаңа портретке негіз дайындалады», – делінген хабарламада.

Тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ. Әкімдіктің мәліметінше, Димаштың бейнесі қала көшесіне қайта оралады. Жаңа туындыны бұрынғы муралдың авторы, суретші Батыр қайта салады.

Еске сала кетейік, бұған дейін заңгер Мейірман Шекеев Димашқа тіл тигізгендерді жазалауды талап еткен еді.