
Өткен аптадағы үлкен жаңалықтың бірі – Парламент Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы заңды қабылдады. Толыққанды Smart City ретінде дамыту көзделген жоба ерекшеліктерінің бірі – ұшқышсыз ұшатын таксилер болмақ. Қиял-ғажайып сыңайлы көрінгенімен, бұл бағытта бірқатар қадамдар жасалып қойған. Операторы ретінде Alatau Advance Air Group компаниясы белгіленген. Компания АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, италиялық серіктестермен бірге жұмыс істейді. Америкалық Joby Aviation, қытайлық AutoFlight компаниясымен меморандум жасалған. Іске қосылғанда Алатау қаласынан Алматыға жету 10-15-ақ минут уақытты алады. Сонымен қатар туристер Алатау, Қонаев, Алматы қалалары мен облыстағы туристік нысандарға ұшып бара алады.
Қазіргі таңда мұндай дрон-таксилерге Қытайда рұқсат берілген. АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласының билігі 2028 жылы іске қосуды жоспарлауда. Жоба іске қосылса Қазақстан әлемдегі екі ірі алпауыт мемлекетпен қатар, ұшқышсыз аппараттар индустриясының көшіне ілеседі. «Қауіпті ғой, әлемде дрондар видео түсіру құралы мен соғыс құралы ретінде ғана белгілі емес пе» деп ойласаңыз қателесесіз. Әлемде дрондар дәуірі басталып, тұтас индустрия, негізгі ойыншылары қалыптасып үлгерген. Мысалы: DJI – жаппай сегмент пен стандарттарды бақылайды, Skydio – автономды жүйелерге басымдылық беріп отыр, Zipline – жеткізу логистикасын үлкейтті, Baykar – әскери нарықты өзгертуде. Ал DroneDeploy, Terra Drone, Aerodyne Group осы саладағы деректер мен сараптама арқылы табыс табады.

Дрондарға көзқарас қашан өзгерді?
Алдымен Сирия, Қарабақ, Палестина-дағы, Ресей мен Украина, таяудағы Иран-Израиль, АҚШ арасындағы қақтығыс дрондарға көзқарасты күрт өзгертті. Оншақты жыл бұрын көпшілік қарапайым (мысалы: видеотүсіру) құрал ретінде қабылдаған ұшқышсыз аппараттар соғыс жағдайында тікұшақ, ұшақтан да қауіпті, қадірлі құралға айнала бастады. Алдағы уақытта әскери қақтығыстардың негізі дрондар мен роботтар, ЖИ болады деп топшалайды мамандар. Ал бейбіт өмірде дрон қолданбайтын сала қалмады. Қазіргі кезде дрондар қауіпсіздік пен қорғаныстан бөлек ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, төтенше жағдай, құрылыс, энергетика, Ішкі істер, мұнайгаз саласы, жүк тасымалында маңызды құралға айналған.
Precedence Research мәліметінше қазір дрон индустриясы ең қарқынды өсіп келе жатқан нарықтардың бірі. Мысалы, өткен жылы әлемдік дрон нарығы шамамен 44–83 млрд доллар аралығында бағаланды. Ал 2030–2035 жылдары бұл көрсеткіш 160–200 млрд доллардан асады. Жылдық өсім қарқыны – 10%–16%. Bayelsa Watch болжауынша коммерциялық дрондар нарығының өзі 2025 жылы 83 млрд доллардан асты. Яғни, соңғы 5 жылда дрондар – эксперимент емес, толыққанды индустрияға айналды.
Сарапшылар дрондардың дамуын «деректер жинаудың жаңа стандарты» деп сипаттайды, өйткені олар нақты уақыттағы ақпаратты тез әрі арзан береді. Ғылыми зерттеулерде UAV технологиясы «көпсалалы революцияның негізі» ретінде аталады. Әсіресе, инфрақұрылым, қауіпсіздік және ауыл шаруашылығында. Market Report Analytics аналитиктері дрондардың болашағы AI, автономия және сенсорлық технологиялармен тығыз байланысты екенін атап өтеді. Яғни, дрон алдағы уақытта тек құрал емес, цифрлық экожүйенің бөлігіне айналады.

Дрондар қай салаларда қолданылады?
Ауыл шаруашылығында егістікті бақылау, тыңайтқыш пен пестицид себу, өнімділікті болжау бағытында дрондар фермерлерге көмектеседі, нақты дерек береді және шығынды азайтады.
Ал құрылыс мамандары жерді картаға түсіру, құрылыс барысын бақылау, көпірлер мен желілерді тексеруде жиі қолданады.
Дрондарды көпшілік әу баста медиа және киноиндустрия құралы ретінде қабылдаған. Өйткені шағын бейнекамералары бар дрондар әуе түсірілімдеріне, репортаждарға, Live-контентке қолданыла бастады. Бұрын кейбір түсірілім үшін тікұшақ жалдап, шығын шегуге тура келсе, дрондар пайда болғанда, түсірілім жеңіл әрі оңай бола түсті.
Логистика мен жеткізуде Amazon, Google, ресейлік Яндекс сияқты компаниялар белсенді қолдануда. Дрондар ең жиі қолданыла бастаған саланың бірі – Төтенше жағдайлар мен орман шаруашылығы. Іздеу-құтқару операциялары, өрттің алдын алу, бақылау, табиғи апаттарды бағалауда дрондар таптырмайтын құралға айналды. Қазір Алматы облысының Кеген ауданы, Саты ауылына барсаңыз, төртбұрышындағы ең биік нүктелерде мұнараларды байқауға болады. Камера, дронмен жабдықталған smart кешен орман өрті қаупін бақылап, өрт қаупі байқалса, орталыққа хабар береді. Мұндай кешендер қазіргі кезде Ұлттық парктердің көпшілігінде бар.
Полиция құрылымдары ірі қалалармен автожолдарда әртүрлі заң бұзушылықты анықтап, тіркеуде дрондарды белсенді қолдана бастады.
Ал әскери қақтығыстар Қорғаныс саласын дронсыз елестету мүмкін еместігін көрсетті. Қазақстанда бұл бағытта ұшқышсыз әуе жүйесі құрылымы қалыптасқан. Оның қатарында Wing Loong (Қытай), Skylark (Израил), Anka (Түркия) әскери дрондары бар. Ал АҚШ-тық RQ-11 Raven Шекара қызметінде қолданыста. Бұлардан тыс қазақстандық өнім де қолданысқа енгізіле бастаған.
Алайда сарапшылардың пікірінше бұл бағытта мамандар тапшы, инженерия, авиация және data саласының мамандары аз. Қазақстан өндіруші емес тұтынушы, барлық салада дрондардың қолданысқа енгізілуі баяу. Дрондар нарығын өндіріс, софт және платформа, сервис пен мәліметтер деңгейіне бөлсек, Қазақстан тек қолданушы деңгейінде ғана отыр.
Болашағы қандай?
Сарапшылардың болжамынша, алдағы 10 жылда дрондар толық автономды болады (AI басқарады), қалаларда әуе такси жүйесінің бөлігіне айналуы мүмкін, интернет тарату (ұшатын базалық станциялар) сияқты жаңа функция атқарады, «ақылды қалалардың» негізгі элементіне айналады. Сондай-ақ дрондар тек құрал емес инфрақұрылым деңгейіндегі технологияға айналуы ықтимал. Яғни, жұмыс күшін алмастыратын құрал, деректер платформасы, қалалық инфрақұрылымның бөлігі ретінде дамиды. Ал соғыс жағдайында негізгі құрал ретінде қала береді.
Айта кетейік, бұған дейін отандық кәсіпорындар әскери дрондарды жасауға басымдық беріп жатқаны туралы жазған едік.