
Меруерт Түсіпбаева сұхбат бергеннен кейін кейбір әншілердің өзімен амандаспай қалғанын жеткізді.
Ол сұхбат барысында әр әнші, әр танымал адам туралы мәлімет жеткілікті екенін ашық айтқан еді.
«Айнұр Асанбердіге берген сұхбатымнан кейін кейбір менің әнші сіңлілерім менің амандығымды алмай, беттерін тыржитып, көздерін алартты. Мені жаңа көргендей. Айтайын дегенім, этикет бойынша, жасы үлкен адам амандасса, сәлемін жасы кіші адам алмаса, ол – өте үлкен мәдениетсіздік. Ораза ұстап, «Алла, Алла» деп жүресіздер. Амандасқан адамның сәлемін алмау күнә екені Құранда да айтылған», – деді әнші.
Меруерт Түсіпбаеваның сөзіне қарағанда, ол сұхбатта ешкімнің атын атап, түсін түстемеген. Сонда да оған ренжіп жатқан адамдар бар. Мұны әнші өзінің жеңісі деп біледі. «Бетке айту керек. Айтыңыздар, мен дайынмын», – дейді әнші.
«Ренжісеңіздер, көшке берген тайлақтарыңызды алып кетіңіздер. Шымбайларыңызға тиіп, аттарыңды атамасам да, реакция беріп жатқандар, бетке айтып сұхбат беріңіздер, күтемін. Халықтан жинаған ақшаның киесі ұрып жатыр ма?!», – деп сауал тастады Меруерт Түсіпбаева.
Мұның алдында Меруерт Түсіпбаева «қаза тізімге» іліккенін, шындықты айтса, елден кетуге тура келетінін жасырмады.