Өзбекстанда салынып жатқан АЭС макеті оқушыларға көрсетілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Өзбекстанда салынып жатқан АЭС макетімен оқушылар танысты
Алғашқы өзбек атом электр станциясы Жизақ өңірінде салынып жатыр / фото: «O‘zatom» agentligi

Өзбекстанда алғашқы атом электр станциясын дәріптеу жалғасып жатыр. Бұл жол АЭС макетімен мектеп оқушылары танысты. Балаларға арналған танымдық экскурсияны «Өзатом» агенттігі өткізді.

Өзбек билігі алғашқы атом станциясын Жизақ облысы Фориш ауданына салады. 2025 жылы реактор орнатылатын шұңқыр қазылған. Төрт блоктан тұратын станцияның екеуіне қуатты реактор орнатылады. Шағын өндіріс 2029 жылы іске қосылады. Станция құрылысы 2035 жылы толық аяқталуға тиіс. Алғашқы өзбек атом электр станциясын «Росатом» тұрғызады.

«Өзатом» жариялаған макеттен екі реактор орнатылатын ғимараттар сұлбасын көруге болады.

Өзбекстанда салынып жатқан АЭС макетімен оқушылар танысты
Өзбек билігі жастарды ғылымға баулып жатыр / фото: «O‘zatom» agentligi

«Өзатом» мәліметінше, оқушыларға арналған танымдық экскурсия өскелең ұрпақтың ғылымға қызығушылығын ояту мақсатында ұйымдастырылған.

«Ғылым күнделікті өмірдің айырылмас бір бөлігіне айналды. Соған байланысты дәл қазір техника мамандарына сұраныс артып отыр», – деп таратты ұлттық агенттік.

Айта кетейік, өзбек билігі болашақ АЭС қызметкерлері үшін жаңа қала салуды көздеп отыр. 10 мың адамға арналған шаһар атом станциясына жақын маңда пайда болады.

Жақында Қазақстанның Ташкенттегі елшісі Бейбіт Атамқұлов «Өзатом» агенттігіне барып, көрші елде салынатын АЭС қауіпсіздігі мәселесін талқылаған.

Алғашқы АЭС Өзбекстанның орталық өңірлерін – Жизақ, Самарқанд және Навои облыстарын электр қуатымен қамтамасыз етеді. «Росатом» басшысы Алексей Лихачев өзбек атом станциясын «ғасыр жобасы» деп атаған.

Сондай-ақ оқыңыз